Шақат пен Кемеңгер ауылдарының мектептері қысқа дайын
Жалпы білім беретін мектептерге модульдік қазандықтар орнатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұған дейін Шақат пен Кемеңгер жалпы білім беру мектептерінде электрмен жылыту жүйесі қолданылған. Алайда оның тиімсіз әрі шығыны көп болғанына байланысты модульдік қазандықтарға көшу туралы шешім қабылданды. Енді мектептерде жылу жүйесі барынша жайлы әрі сенімді болады.
Екі білім беру ұйымындағы жұмыстарды «Эми» ЖШС жүргізді. Шақат ауылындағы мектепте жұмыс шілде айының соңында басталып, қазір толық аяқталды. Жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 56 миллион теңге бөлінді.
Жеке ғимараттың аумағына жылу желілері тартылып, әрқайсысының қуаты 600 кВт болатын екі қазандық орнатылды. Аумағы 3560 шаршы метр болатын мектепті жылыту үшін тас және қоңыр көмір пайдаланылады. Қазандықта санитарлық торап та жабдықталып, жұмысшыларға қажетті жағдай жасалды.
Бұған дейін қазандықта үш оператор жұмыс істеген. Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін тағы үш адам жұмысқа қабылданады.
Шақат ауылындағы мектеп директоры Алмагүл Искакованың айтуынша, білім ордасында 181 оқушы білім алады. Мектеп жанында интернат бар. Онда жұмыс күндері 23 бала тәулік бойы тұрады.