Павлодарда екінші ауысымда оқитын ерекше балалар мамандарға қаралуға үлгермей жүр
Себебі балаларды сабақтан кейін нейропсихолог, логопед және басқа мамандарға апару қиындаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға арналған ашық қабылдау өтті. Іс-шараны «Әділет» партиясы жанындағы әйелдер қанаты ұйымдастырды. Алаңға әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, отбасы және банк салаларының өкілдері, депутаттар, отбасы өкілдері мен мамандар жиналды.
Әйелдер қанатының жетекшісі Света Абдраманованың айтуынша, мұндай кездесулер өтініш иелерін тыңдап, олардың сауалдарын тиісті мекемелерге тікелей жеткізуге мүмкіндік береді.
– Бүгін бірнеше өтініш иесінің мәселесін тыңдадық. Кейбір сұрақтарды өңір деңгейінде шешуге болады. Ал заңға өзгеріс енгізуді немесе министрліктердің араласуын қажет ететін ұсыныстарды орталық аппаратқа жолдаймыз. Біздің мақсатымыз – отбасыларға дәл қазір көмектесудің жолын табу, – деді Света Абдраманова.

Жиында ерекше қажеттілігі бар жеткіншектердің білім алуына қатысты түйткілді мәселелер де сөз болды. Кейбір оқушылардың екінші ауысымда білім алуына байланысты сабақтан кейін оларды нейропсихолог, логопед және басқа мамандарға апаруға уақыт жетпейтіні айтылды.
Павлодар қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Жадыра Макенованың айтуынша, бұл назар аударуды қажет ететін бағыттардың бірі.
– Ерекше қажеттілігі бар оқушылардың екінші ауысымда, сағат 13:00-ден 18:00-ге дейін оқитыны айтылды. Мектептен кейін отбасы мүшелері перзентін мамандарға апаруға үлгермейді. Ал нейропсихологтар мен басқа мамандар жеткіншектермен түстен кейін жұмыс істеу тиімді екенін айтады. Сондықтан бұл сауалды көтеру маңызды. Отбасы мұндай қиындықпен жалғыз қалмауы керек, – деді ол.
Логопед маманы Сұлушаш Айтбаева ата-аналарға білім алу және денсаулық сақтау саласындағы құқықтары бойынша кеңес беретінін жеткізді.
Оның сөзінше, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация кәмелетке толмағандарды туғаннан бастап 18 жасқа дейін кешенді тексеруден өткізеді. Мұнда психиатр, психолог, дефектолог, невропатолог және логопед мамандары жұмыс істейді. Әр жеткіншектің оқу бағдарламасы анықталып, қажет болған жағдайда мемлекеттік тегін қызметтерге жолдама беріледі.
– Соңғы жылдары дамуында түрлі ерекшеліктері бар жеткіншектердің саны артып келеді. Біз әр оқушыны мамандардың көмегімен жан-жақты тексеріп, оған қандай оқу бағдарламасы сәйкес келетінін анықтаймыз, – деді логопед маманы.
«Ерекше балалар ата-аналары одағы» қоғамдық бірлестігінің Павлодардағы филиалының жетекшісі Алмагүл Бегежанова мұндай алаңдар өтініш иелеріне өз ұсыныстарын тікелей жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ұйым құрамында ерекше қажеттілігі бар перзент тәрбиелеп отырған 270-тен астам отбасы бар. Бүгінгі қабылдауға төрт ана келді. Олар әртүрлі бағыт бойынша өз өтініштерін жеткізді.
– Әр кездесуде жаңа сауалдар туындайды. Сондықтан ата-аналардың осындай алаңдарға тұрақты қатысқаны маңызды. Бүгін біз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, техникалық оңалту құралдары және перзент тәрбиелеп отырған азаматтарды жұмыспен қамту мәселелерін көтердік. Ерекше қажеттілігі бар перзентті тәрбиелеп отырған азаматтарға жұмыс істеу үшін икемді жағдай мен арнайы бағдарламалар қажет, – деді бірлестік жетекшісі.
Жиын қорытындысы бойынша өңірде шешуге болатын өтініштер тиісті мемлекеттік органдарға жолданады. Ал орталық деңгейде қарауды қажет ететін ұсыныстар тиісті министрліктерге жіберілмек.