Павлодарда сот өндірістік жарақатқа жұмыс берушіні толық кінәлі деп таныды

Павлодарда сот өндірістік жарақатқа жұмыс берушіні толық кінәлі деп таныды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Еңбек инспекциясына жазатайым оқиға туралы актіні өзгерту міндеттелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты өндірісте жарақат алған жұмыскердің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментіне қарсы берген талап арызын қанағаттандырды.

Сот материалдарына сәйкес, теміржолдағы жұмыс кезінде жұмыскердің көзіне металл сынығы түсіп, салдарынан ауыр жарақат алған. Кейін оған III топтағы мүгедектік белгіленген.

Арнайы тергеп-тексеру комиссиясы жұмыс берушінің кінәсін 70 пайыз, ал жұмыскердің кінәсін 30 пайыз деп бағалап, оның өрескел абайсыздыққа жол бергенін көрсеткен.

Алайда сот талқылауы барысында жұмыскерге қорғаныш көзілдірігінің берілгенін, сондай-ақ оның еңбек қауіпсіздігі жөніндегі нұсқаулықтармен және тиісті бұйрықпен таныстырылғанын растайтын дәлелдер ұсынылмағаны анықталды.

Сот жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін толық орындамаған деген қорытындыға келді. Атап айтқанда, жеке қорғаныш құралдарын пайдалануға бақылау жасалмаған, жұмысты қауіпсіз орындау тәртібі айқындалмаған және өндірістік бақылау тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған.

Осыған байланысты сот арнайы тергеп-тексеру актісіндегі жұмыскердің өрескел абайсыздығы мен аралас жауапкершілік туралы қорытындыны заңсыз деп таныды.

Сот шешімімен Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментіне арнайы тергеп-тексеру актісіне өзгерістер енгізіп, жұмыс берушінің кінәсін 100 пайыз, ал жұмыскердің кінәсін 0 пайыз деп белгілеу міндеттелді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.