Павлодарда түнімен иттері ұйқы бермеген тұрғындарға айыппұл салынды
Түнде иттің үруі тыныштық туралы заңды бұзады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам полицияға қоңырау шалып, көршісінің иті отбасына кедергі келтіретініне шағымданған. Түнімен үрген ит ұйқы бермеген.
– Сондай-ақ Мүткенов көшесіндегі үйдің тұрғындары да екі күн бойы маза бермеген көршісінің итіне шағымданды. Сәтбаев көшесіндегі көппәтерлі үйдің тұрғындары да қоңырау шалып, көршісінің иті дәл кіреберісті ластағанын айтқан, – деді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Руфат Кенжин.
Үй жануарлары үшін толығымен иелері жауап береді. Егер көршілер байланысқа шықпаса, учаскелік полиция инспекторына хабарласуға болады.
Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.