Павлодарлық Аймауытов театры жаңа маусымды «Ұждан» қойылымымен ашады

Павлодарлық Аймауытов театры жаңа маусымды «Ұждан» қойылымымен ашады
Фото: Константин Шелков

Жаңа маусымда театр қос бірдей халықаралық фестивальге жол тартпақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

13 қыркүйек күні кешкі сағат 18:30-да Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры маусымның ашылуына орай «Ұждан» қойылымын ұсынады. Аталмыш қойылымда театрдың жаңа үш қызметкері өнер көрсететін болады. 

–  Театрымызда Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» қойылымы өткен жылы жарық көрген еді. Бұл жолы жаңадан келген қызметкерлеріміз өнер көрсетпек, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов.

Оның айтуынша, театр актерлары алдағы уақытта көрермендеді жаңа премьералармен қуантпақ. Бүгінгі таңда Уильям Шекспирдің «Ричард 3» қойылымы дайындалуда. Сонымен қатар, Оралхан Бөкейдің «Кербұғы» туындысы театр сахнасында көрсетілмек. 

Айта кету керек, театр ұжымы осы маусымда екі халықаралық, екі республикалық фестивальге қатысатын болады. Халықаралық фестивальдің бірі Мәскеу қаласында өтеді.