Бір әулеттен 11 ақын: Баянауылда Сейітовтер отбасының кітабы шықты

Бір әулеттен 11 ақын: Баянауылда Сейітовтер отбасының кітабы шықты
Фото: pixabay.com

Өңірге белгілі баянауылдық айтыскер Жұмкен Сейітов пен оның ізін басып келе жатқан ұлы Тілек Сейітовтің есімдері көпке танымал, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

«Өлең ұя салған шаңырақ»  кітабының тұсаукесері Баянауыл ауданының орталығында өтті.

Жұмкен Сейітов – «Мәдениет саласының үздігі», Баянауыл ауданының Құрметті азаматы. 1960 жылы Баянауыл ауданының Мәшһүр Жүсіп ауылында дүние келген. Бойындағы ақындық өнер бала кезінен отбасында қалыптасқан. Сахна төрінде талай айтыстың жеңімпазы атанған. 

Елімізге белгілі айтыскер ақын, кітаптың редакторы, құрастырушы Бейбіт Бөжен осы әулет жайлы кітаптың шығуына қатты бейіл болғанын айтады. 

Амал қанша? Қол қысқа болды. Демеушілік көрсетсін деп әкімдікке де, Баянның бизнесмендеріне де жүгінсем бе деген ой болды. Солай уақыт өтіп, осыдан бір ай бұрын Тілек хабарласып, әулеттің кітабын шығарайық деді. Қатты қуандым, әулеттің мұрасы жерде қалмауы керек, – дейді Бейбіт Бөжен. 

Осылайша екі аптаның ішінде Сейітовтер отбасының бүкіл өлеңдері мен фото-суреттері жиналған. 

Әулеттің кітабын шығаруға кірістік. Кейбір өлеңдерге «қол батырдым», кейбіріне шимай қостым. Бірақ тым тереңге кетпей, табиғатын сақтауға тырыстым. Мен түзегендерді ақын Айбек Оралхан күзеді. Көркемдік кеңесте Гүлбаршын Сейітова, Мәдина Жұмкенқызы мен Мөлдір Жұмкен келіні бар. Олар өз ойын қосты. Кейде келіспей қалған жерлеріміз де болды, рас, – дейді ол.

Кітаптың атауына келгенде айбоз ақын Аманжол Әлтаевтың «Өлең ұя салған шаңырақ»  нұсқасына тоқтаған. Себебі, бұл – шынымен өлең ұялаған әулет. 

Айналасы айдан астам уақыттың ішінде сол кітап қолға тиді. Желкемнен жүк түскендей шын риясыз қуанып отырмын. Өзіңіз ойлаңызшы, бір шаңырақта 11 адам өлең жазады. Бұл – Қазақстанда ғана емес, мүмкін әлемдегі сирек құбылыс шығар. Өсіп келе жатқан бөлтіріктер бар әлі, – дейді Бейбіт Бөжен. 

 Айта кетейік,  ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанған Сейітовтер әулеті облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының екінші орын иегері.