Павлодар ауданының тұрғындары дарындылығымен даралануда

Павлодар ауданының тұрғындары дарындылығымен даралануда
Суретті түсірген Заур Совет

Ауданда алғаш рет «Өнер додасы» байқауы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Мәдени жарыс аймақтық «Өнер додасы» байқауының жалғасы іспетті. Былтыр облыстағы барлық ауданның өнерпаздарының басын бір алаңға жинаған дүбірлі додада Павлодар ауданының қыз-жігіттері 1-орынды еншілегені ел есінде. Осындай ауқымды шарадан кейін аудан басшылығы игі бастаманың ізін жалғап «Өнер додасын» аудандар арасында бірінші болып қолға алып отыр. Бұл - таланты тасада қалып, бар өнері бойында бұғып қалған ауыл адамдарын бұқараға таныстыруды мақсат еткен ерекше жоба.  

Аудандық «Өнер додасы» байқауының бірінші кезеңі Кемеңгер аудандық мәдениет үйінің сахнасында өтті. Үш күнге  жалғасқан айтулы шараға 11 аулыдық-округ пен Ефремовка және Ольгинка ауылдарының өнер ұжымдары қатысты. Бас-аяғы 200-ден астам өнерпаздың басын біріктірген мәдени іске 15 жастағы баладан бастап, зейнеткерге дейін қатысуға мүмкіндік алды. 

Павлодар ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Самал Айтқазинаның айтуынша, додада түрлі саланың өкілдері өнер көрсетіп, талайды тәнті еткен. Десе де қатысушы командалардың кейбірі кедергілерге тап болған.

– Байқау жеті бағыт бойынша өтті. Яғни облыстық байқаудың шеңберінен асып кетпей, қатысушылар «Күй», «Ақындық», «Көне аспапта өнер көрсету», «Ұлт аспаптар ансамблі», «Дәстүрлі ән», «Терме» және «Ұлттық би» аталымдары бойынша бақ сынады. Бірақ кедергілер болмады емес. Мәселен, әр ауылдан көне аспапта ойнайтын адамды шығару сәл қиындық тудырса, ансамбль құру да қатысушыларға салмақ салды. Десе де біздің командалар барын салды. Осы мәдени шара барысында біз көне аспапта ойнайтын өзге ұлт өкілдерінің өнеріне де куә болдық, - дейді Самал Оспанқызы.

Бұдан бөлек, сайысқа тек мәдениет саласындағы адамдардың ғана қатысуы міндеттелмеді. Байқаудың ерекшелігі де осында болды. Онда мектеп оқушысынан бастап, ардагер, етікші , мұғалім, үйде отырған ана, тіпті, ауыл әкімі де өз өнерін ортаға салды. 

Қазылар алқасының мүшесі музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешенінің директоры Серік Сыздықов ауылдағы мәдениет үйінің басшыларына өз өтінішін білдірді.

– Ауылдық мәдениет үйлерінде ансамбль құру қиын. Бірнеше адамнан құралатын топтың бір арнаға түсіп, бір бағытта өнер көрсетуі ерлік дер едім. Осы орайда ансамбль алып келген командаларға өнер ұжымын таратып алмай, істерін ілгері жылжыта берсе екен деген тілегім бар, - деді ол. 

Үш күнге жалғасқан дүбірлі доданың бірінші айналымы кеше тәмам болды. Енді екінші кезеңде қарсыластарынан жеңісті жұлып алған Мичурин, Кемеңгер, Кеңес, Заңғар, Чернорецк, Заря командалары бақ сынайды. Бұдан бөлек, бірінші кезеңде жұпсыз қалып, жеребеде 7 санын алған  Рождественка ауылы екінші кезеңге автоматты түрде өтті. Осы ретте қазылар алқасының шешімімен қарсыласынан бір ғана ұпай айырмашылығымен жеңілген, десе де барлық талапқа сай дайындалып келген Григорьевка ауылы да екінші кезеңге жолдама алды. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, тасада жүрген таланттардың жұлдызын жаққан байқаудың екінші кезеңі мамыр айында өтеді деп жоспарлануда. Ал финалда жеңіске жеткен команданы ақшалай сый күтуде.