«Таза Қазақстан»: Баянауылдықтар қайың көшетін отырғызды
Майқайың кентінде ауқымды экологиялық шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Баянауыл ауданына қарасты Майқайың кентінде ауқымды экологиялық шара ұйымдастырылып, үлкен игі іс жүзеге асты. Бұл бастама – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ел аумағын абаттандыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатты қорғау бағытындағы тапсырмаларын іске асырудың нақты көрінісі болды.
Аталған шараға «Майқайың қиыршық тас зауыты» кәсіпорнының басшылығы мен жұмыскерлері белсенді қатысып, ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетті. Бірлескен еңбектің нәтижесінде кент аумағына 650 түп қайың көшеті отырғызылды. Бұл – тек ағаш отырғызу ғана емес, болашаққа жасалған маңызды инвестиция.

Шараны ұйымдастырушылар әрбір отырғызылған көшетке ерекше мән беріп, олардың дұрыс жерсінуіне жағдай жасады. Табиғатқа деген жанашырлық пен жауапкершілік әрбір қатысушының ісінен айқын байқалды. Осындай бастамалар арқылы қоршаған ортаға деген қамқорлық мәдениеті қалыптасып, жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
– Бүгін егілген әрбір қайың көшеті – ертеңгі жасыл Майқайыңның ажырамас бөлігі. Уақыт өте келе бұл ағаштар жайқалып өсіп, кенттің экологиялық ахуалын жақсартуға, тұрғындарға таза ауа сыйлауға қызмет етеді. Сонымен қатар, табиғатты аялаудың маңызын насихаттайтын тірі ескерткішке айналады, - дейді кәсіпорын мамандары.
«Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті арттыру және тұрғындарды табиғатты аялауға жұмылдыру. Осы орайда Майқайың кентінде өткен шара – аталған мақсаттардың нақты жүзеге асқан жарқын үлгісі.