Tour de Bayanaul: тарих пен аңызға толы велошеру
Шара – Астана мен Павлодар спорт қауымдастықтарының бірлескен бастамасы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 70-тен астам спортшы Баянауылда өткен Tour de Bayanaul веложарысына қатысты. Әуесқойлар, триатлоншылар мен велосипедшілер 38 шақырымдық бағытты бағындырды. Бұл маршруттың әр бөлігі тарих, терең мағына және табиғаттың қайталанбас сұлулығына толы.

Жарыс Жасыбай көлінің орталық жағажайынан басталып, қазақтың көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесіне дейін жалғасты. Сол жерде қатысушылар кері бұрылып, Кемпіртас жартасына бағыт алды. Бағыттың бір бөлігі шамамен бір шақырымға созылған жолсыз жермен өтті. Ал тәжірибелі қатысушылар күрделі әрі қауіпті саналатын бұралаң тау жолын да еңсерді. Сонымен қатар, жарыс барысында қатысушыларға бұл мезгілге тән емес ыстық әрі желді ауа райы да сынақ болды.
Жарыстың бас ұйымдастырушысы, ORTA велосипед қауымдастығының өкілі Әлия Шахметованың айтуынша, жобаны жүзеге асыруға шамамен үш ай кеткен.
– Қазір елімізде спорттық және шытырман туризм қарқынды дамып келеді. Велоқауымдастық кеңейіп, спортшылар жарыстан тек қашықтықты ғана емес, терең мағынаны да іздей бастады. Бұл шеру спортпен шектелмей, туған өлкенің тарихы мен табиғатына үңілуге мүмкіндік берді. Біз Баянауылдың бірегей орындарын аралап, әр шақырымын сезініп, осы жердің ерекше атмосферасын толықтай сезіндік, – деді Әлия Шахметова.

Бұл веложарыс Қазақстанның ерекше локацияларында өтетін жарыстардың жалғасы болды. Бұған дейін Бозжыра, Сарайшық, Ұлытау, Шымкент, Бурабай, Өскемен сияқты өңірлерде ұйымдастырылған.
Жобаның идеялық жетекшісі, «Спорт, туризм және экология» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Теміржан Әбдірахмановтың айтуынша, шара спортты тарихпен ұштастырды.
– Біз әділдік пен теңдікті жырлаған ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесіне бардық. Көпшілік үшін жаңалыққа айналған Қоңыр әулие үңгірінде де болдық. Сонымен қатар, қатысушылар жоңғарлармен шайқасып, қазақ тарихында мәңгі қалған Жасыбай батырдың ескерткішіне апаратын әйгілі серпантинге велосипедпен көтерілді, – деді Теміржан Әбдірахманов.

Веложарыс жергілікті атқарушы органдар, отандық велоқауымдастық және өңір кәсіпкерлерінің қолдауымен өтті.
Павлодар облыстық триатлон федерациясының вице-президенті Бауржан Назеновтің айтуынша, бұл шара өңірде спорттық және экологиялық туризмді дамытудағы маңызды қадам болды.
– Жарысқа еліміздің әр өңірінен келген әуесқойлар мен кәсіби спортшылар, сондай-ақ шетелдік қонақтар қатысты. Б белсенді демалысқа деген қызығушылықтың жоғары екенін және Баянауылдың спорттық туризм орталығы ретінде әлеуетін көрсетеді. Біз осылайша азаматтардың салауатты өмір салтына қызығушылығы артқанын байқадық. Сонымен қатар, экология мен тарихи мұраны сақтау мәселелеріне де назар күшейді. Велошеру өңірдің экологиялық туризм аймағы ретінде дамуына қосымша серпін берді, – деді Бауржан Назенов.

Ұйымдастырушылар үшін қатысушылардың кері байланысы да маңызды болды. Көпшілік жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, бірлік атмосферасын және маршруттың ерекше сұлулығын атап өтті.



Қатысушылар арасында Қазақстанның танымал ультратриатлоншылары да болды. Солардың бірі –Тимур Әбілов. Спортшы өткен жылы Балтық теңізі жағалауында өткен алты күндік ультратриатлонда 55 шақырымды жүзіп, 1000 шақырымды велосипедпен және 200 шақырымды жүгіріп өткен.
Тимур Баянауылға екінші рет келгенін айтты. Бұған дейін ол мұнда трейл жүгіру жарысына қатысқан.
– Бұл жолы арнайы веложарысқа отбасыммен бірге келдім. Ұлым Ғамзат триатлонмен айналысады, ол Nomad Junior мектебінде жаттығады. Балам 38 шақырымды сәтті еңсеріп, мәреге жеткені үшін медаль алды. Мұнда жағдай өте жақсы: ыңғайлы жолдар тыныш дамыған инфрақұрылым және қауіпсіздік шаралары жақсы. Жүгіруге де, велоспортқа да мүмкіндік бар. Баянауыл жақын уақытта спорттық шаралар картасында өз орнын алады деп сенемін, – деді спортшы.
Tour de Bayanaul алдағы уақытта тек спорттық күнтізбенің бір бөлігі ғана емес, туристерді тартатын маңызды туристік орынға айналуы мүмкін. Баянауыл бұрыннан табиғаты мен тарихы арқылы жұрттың жүрегінен орын алған өңір болса, енді өзін спорттық бағытта да батыл таныта бастады.