Павлодарда танымал әнші әрі актрисаны еске алуға арналған кеш өтеді

Павлодарда танымал әнші әрі актрисаны еске алуға арналған кеш өтеді
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл Хафиза Әбуғалиеваның туғанына 100 жыл толады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

29 сәуір күні сағат 11:00-де Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ғимаратында «Әнімен әлемді әлдилеген» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылады. Іс-шара қазақ өнерінде өзіндік із қалдырған әнші, киноактриса Хафиза Әбуғалиеваға арналады.

Кеш барысында жергілікті өнерпаздар әншінің репертуарындағы туындыларды орындайды. Сондай-ақ оның жеке заттары қойылған көрме ұсынылып, «Шырқа, дауысым, әндете» облыстық бейнеролик-ән байқауының жеңімпаздары марапатталады.

Іс-шараны облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі бірлесіп ұйымдастырады.

Айта кетейік, Хафиза Әбуғалиева 1926 жылы Павлодар облысы Ертіс ауданында дүниеге келген. Ол Павлодар педагогикалық училищесін және Алматыдағы жоғары оқу орнын тәмамдап, шығармашылық жолын Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы құрамында бастады. Сонымен қатар Қазақконцерт ұйымында еңбек етіп, қазақ ән өнерін шетел сахналарында насихаттады. Әнші Қытай, Моңғолия, Өзбекстан және Үндістан елдерінде өнер көрсетіп, Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан.

Өз дәуірінде ол Майра Уәлиқызы шығармашылығын жалғастырып, «Майраның мұрагері» атанған.