Велосипедпен Эвересті бағындырған павлодарлық саяхатшы жаңа саяхатқа аттанады

Велосипедпен Эвересті  бағындырған павлодарлық саяхатшы жаңа саяхатқа аттанады
Фото Денис Желниннің жеке мұрағатынан

Оны алда 10 мың шақырым жол күтіп тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Денис Желнин 1 мамыр күні Қазақстан бойынша велосаяхатқа шығып, маршрутты 150 күнде жүріп өтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ол Instagram желісінде хабарлады.

«Алматыдан велосипедпен жолға шығамын. Бағыт – шеңберлі. Егер осы қалалардан таныстарым болса, кездесуге қуанышты боламын. Старт сағат 10:00-де 28 панфиловшылар саябағынан басталады», – деді Денис Желнин.

Ғаламтор пайдаланушылары мен саяхатқа әуес жандар оның идеясын қолдап, сәттілік тіледі.

«Тамаша идея! Сәттілік тілеймін. Мен бұл маршрутты 2022 жылы жүріп өттім, тек Ақтауға бармадым. Барлығы 8300 шақырым болды. Сені бақылап отырамын», – деп жазды Даниил Искаков.

Еске сала кетейік, өткен жылы Денис Желнин Эвересттің базалық лагеріне дейін жеке велосаяхат жасаған. Алғашында ол діттеген жеріне бес айда жетуді жоспарлаған, алайда сапар бір жарым жылға жуық уақытқа созылды. Осылайша, павлодарлық «әлемнің төбесіне» тек 446-күні жеткен. 

 «Әлемнің төбесін» бағындыру идеясына дейін Денистің тәжірибесі салыстырмалы түрде аз болды. Олардың қатарында Павлодардан Алматыға сапарлар, Таулы Алтай бағыттары, Қырғызстан мен Тәжікстанға саяхаттар бар. Ол бұл бағыттарды «аса ауқымды емес», үлкен сынаққа дайындық деп бағалайды. Енді оны тағы бір «шағын» саяхат күтіп тұр.