Павлодар облысына туристер ағынын арттырудағы негізгі кедергілер аталды

Павлодар облысына туристер ағынын арттырудағы негізгі кедергілер аталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Туризм саласындағы мәселелер «Атамекен» ҰКП палатасында талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының туризм және қонақжайлылық салалық кеңесінің өкілдерімен бірге кеңеске елордалық және Ақмола облысының кәсіпкерлер палаталарының өкілдері де қатысты.

Кеңес мүшесі Арман Рахмашев сала кеңесі мен кәсіпкерлер палатасы әзірлеген туристік тартымдылықтың визиттік карточкасын таныстырды. Одан кейінгі пікірталаста ол саланың өзекті мәселелерін атап өтті.

Оның айтуынша, Павлодар облысында туризм негізінен жаз мезгілінде жанданады. Демалушылардың 70 пайыздан астамы Баянауыл ұлттық табиғи паркінің үлесіне тиесілі. Аймақтағы табиғат алуан түрлі: дала, орманды аймақтар, таулар мен көлдер бар. Сондай-ақ, қорғауға алынған қасиетті орындар орналасқан.

Маралды мен Тұзқала тұзды көлдері, Шалдай қарағайлы орманы және басқа да табиғи орындар танымал бағыттарға жатады. Дегенмен, туризм ағынын арттырудағы негізгі кедергілер ретінде Арман Рахмашев көлік инфрақұрылымының дамымауын (Баянауылға дейінгі республикалық трассаны жақсартуға қомақты инвестиция қажет), өңірлік туризмді дамыту бағдарламаларының сапасының төмендігін және туризм индустриясы бастамашылдығының жеткіліксіздігін атады.

Ол сондай-ақ аймақта туризмді дамытуға арналған үш-бес жылдық кешенді құжат қажет екенін атап өтті. Бұрын әзірленген стратегияның туризмнің дамуына ықпал етпейтінін жеткізді.

Баянауыл ұлттық паркінде жыл бойғы туризм мүмкіндігінің шектеулі екенін де еске салды. Қыс мезгілінде мұнда тек үш-төрт демалыс орны ғана жұмыс істейді.

Жиында демалысты дамыту үшін тау-шаңғы курорты сияқты ірі «зәкірлі» жобаны жүзеге асыру ұсынылды. Мұндай жоба мультипликативті әсер берер еді.

Кәсіпкерлер палатасы барлық көтерілген мәселелер кейін туристік саланың кеңейтілген комитет отырысында, кем дегенде вице-министр деңгейінде қаралатынын хабарлады.