Успен ауданында дауыл тұрғын үйлер мен электр желілерін бүлдірді

Успен ауданында дауыл тұрғын үйлер мен электр желілерін бүлдірді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қоңырөзек ауылында оннан астам үй мен мәдениет үйінің шатыры зақымданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қоңырөзек ауылдық округіне қарасты Қоңырөзек, Чистополь, Вознесенка және Надаровка ауылдарында 10 кВ әуе электр желісінің жеті бағанасы бүлінген. Апаттық-қалпына келтіру жұмыстарына аудандық электр желілерінің 10 қызметкері мен үш арнайы техникасы жұмылдырылған.

Сондай-ақ Қоңырөзек ауылында қатты желден 12 жеке тұрғын үй мен мәдениет үйінің шатыры зақымданған. Бүлінген аумақтың көлемі нақтыланып жатыр.

Оқиға орнында жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметінің 27 қызметкері және бес техникасы жұмыс істеуде.

Әкімдік мәліметінше, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазір қолайсыз ауа райының салдарын жою және келтірілген шығын көлемін нақтылау жұмыстары жалғасуда.