Биыл Павлодар облысында 120 келіден астам есірткі тәркіленген

Биыл Павлодар облысында 120 келіден астам есірткі тәркіленген
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оның ішінде 55 келіден астамы – синтетикалық есірткілер, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Есірткі қылмысы барлық қылмыстардың 5,3% құрайды.  Биыл есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты 116 құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Заңсыз айналымнан 120 келіден астам есірткі тәркіленді, оның ішінде 55 келіден астамы – синтетикалық есірткілер. 

–  «Ауыр» және «аса ауыр» санаттағы 79 қылмыстық іс сотқа жолданды. 30 азамат қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, олардың көпшілігі есірткі сату фактісі бойынша айыпталуда, – деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.

Тәртіп сақшылары прокуратура органдарымен бірлесіп, аса ірі көлемде есірткі өндірісімен және сатумен айналысқан адамдардың қызметін тоқтатты. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Ақсу ауданында жасырын есірткі зертханасы анықталды. Есірткі сату өңірдің бірнеше аумағында интернет арқылы, «құпия орын» әдісімен жүзеге асырылған. Тінту кезінде 55 килограмм синтетикалық есірткі, 800 килограмм прекурсор, арнайы құрал-жабдықтар, қорғаныс құралдары, электронды таразылар, орау материалдары және есірткіні буып-түюге арналған басқа да заттар тәркіленді. 

Бұл зертханада өндірілген есірткінің ауқымын тәркіленген шикізат көлемі мен дайын өнімге қарап бағалауға болады. Заңсыз айналымнан алынған синтетикалық есірткі – бұл кемінде 275 мың бір реттік доза, яғни олар нашақорлардың қолына тимей қалды. Әдетте, «жеңіл табыс» туралы ұсыныстар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келеді және мұндай ұсыныстарға жастар жиі жауап береді, – дейді полиция өкілдері.

Бұл көбінесе – ештеңеден тарықпайтын, жайлы отбасыларда өскен балалар. Оларды мұндай қылмысқа тәуелсіз болуға, өз ақшасын табуға деген ұмтылыс, жаңа, қымбат телефон немесе бренд киім алуға деген ниет итермелейді. Мәселен, мамыр айында Павлодар қаласындағы колледждердің бірінің 18 жастағы студенті есірткіні «құпия орында жасыру» әдісімен таратқаны үшін ұсталды.

Болат Нұрсейітов есірткі тарату істері бойынша ақтау үкімдері немесе шартты жаза болмайтыны, тек нақты, ұзақ мерзімді бас бостандығынан айыру ғана қолданылатынын еске салады.