Павлодарда КАМАЗ кабинасында қысылып қалған жүргізушіні құтқарды
Жол апатынан зардап шеккен ер адамды арнайы құралдардың көмегімен сыртқа шығарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Деров көшесінде жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабарлама «112» пультіне түскен.
Апат салдарынан ер адам КАМАЗ жүк көлігінің зақымдалған кабинасында қысылып, өздігінен шыға алмай қалған.
– Оқиға орнына жеткен құтқарушылар арнайы авариялық-құтқару құралдарын пайдаланып, зардап шеккен адамды кабинадан абайлап шығарды. Кейін оны жедел жәрдем көлігіне жеткізді, – деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінде.
Жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, зардап шеккен ер адам 30 жаста. Дәрігерлер оған балтыр сүйектерінің сынуы диагнозын қойды. Жағдайы орташа ауыр деп бағаланып, облыстық ауруханаға жеткізілді.