Успендік болашақ аспаздар сүзбе өнімдерін өндіруді үйренді

Успендік болашақ аспаздар сүзбе өнімдерін өндіруді үйренді
Суретті колледж әкімшілігі ұсынды

Сондай-ақ жастар ұсақ-түйек десерт және жылы салат дайындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар технологиялық колледжінде Успен аудандық білім бөлімімен бірге «Успен ауданы күні» атты іс-шара өтті.

Басты мақсат – кәсіптік бағдар беруді дамыту, әріптестік байланыстарды нығайту және білікті кадрларды дайындау орталығы ретінде колледждің әлеуетін көрсету.

–    Ауданның тоғызыншы сынып оқушыларының қатысуымен колледждің құзіреттілік орталығының зертханаларында «Junior Skills» кәсіби шеберлік байқауын ұйымдастырамыз, – дейді колледж басшысы Ренат Дүйсекенов.

Нақтылай айтқанда сүзбе өнімдерін өндіру бойынша шеберлік сағаты, «Аспаздық» номинациясы бойынша «Жастар шеберлігі» байқауы және волейбол, шахмат, тоғыз құмалақ және арқан тартыс сияқты спорттық жарыстар болды.

– Тоғызыншы сыныпты бітірген соң колледжге оқуға түсіп, аспаздық мамандығын таңдасам деп жоспарлап жүрмін. Бүгін болашақтағы мамандығым туралы ақпарат алып, толықтай таныстым, – дейді Белоусов мектебінің тоғызыншы сынып оқушысы Әсемай Серік.

Шеберлік сабағы кезінде аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Гүлмайра Бахтиярова қатысушыларға сарысудан сүзбе өнімдерін өндіруәдістерімен таныстырды.

Шара соңында колледж ауданның білім беру бөлімімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Байқау жеңімпаздары, шеберлік сыныптары мен спорттық жарыстарға қатысушылар марапатталды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда білім ордасы «Жас маман» жобасы аясында құны 170 млн теңге тұратын құрал-жабдықтармен жабдықталған. Жобалық сыйымдылығы 900 адамға арналған жайлы кеңселер бар. 160 орындық жеке жатақхана, 180 орындық бөлек асхана, спорт залы мен мәжіліс залы бар, яғни оқу орнында негізінен мектеп оқушылары, тоғызыншы сынып түлектері өздері тағайындаған мамандық бойынша білім алуына қолайлы жағдай жасалған.