Павлодарда жас стартаперлер Google Cloud грантын ұтып алды

Павлодарда жас стартаперлер Google Cloud грантын ұтып алды
Фото: Амира Жартекей

Оған 25 мың доллар берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университетінде IT-саласының жастарын біріктіретін ірі шара – DevFest 2025 хакатоны өтті. Бұл екі күндік іс-шара жас мамандарға және стартаперлерге өз идеяларын көрсетуге, тәжірибе алмасуға және жаңа кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік берді. Бұл шара өңірдің жас таланттарын қолдауға және IT-саласындағы жаңа жобаларды дамытуға бағытталған.

Қатысушыларға GEMINI жүйесі негізінде локалды RAG-система құру тапсырмасы берілді. Бұл жасанды интеллектке «ес» жасауға және контекстуалды деректерді сақтау мүмкіндігін береді. Қатысушылар өз шешімдерін Google Forms арқылы тапсырды, олар код, презентация немесе видео түрінде бағаланды.

Хакатонға Қазақстанның әртүрлі қалаларынан қатысушылар қосылды: Алматы, Астана, сондай-ақ онлайн режимде басқа университеттер мен колледждерден де қатысушылар болды. Жалпы 43 команда, шамамен 100 адам белсенді қатысты. 

Хакатон барысында қатысушыларға әлемдік IT-мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, TabAI компаниясының бас директоры Игорь Мартынюк стартаперлерге өз идеяларын тез жүзеге асыру жолдарын көрсетті. 

– Бүгінгі тақырып – «How to ship and validate idea fast». Яғни идеяны тез тексеріп, іске асыру жолдары. Мен студенттерге өз жобаларын тексеріп, уақытты үнемдеуді үйреткім келеді. Әр стартаптың басты мақсаты – нарықта сұраныс бар-жоғын дәл тексеру, – деді ол.

Іс-шара барысында бұрын Uber-де инженер болған және қазіргі Warpflow компаниясының негізін қалаушы Влад Мишустин web-қосымшаларды жасау тәсілдерімен бөлісті. Google Developer Expert Сентхилкумар Муругесан жасанды интеллект арқылы жасалған ерекше жобасы – «баланың жылауын аударып түсіндіретін бағдарлама» туралы тәжірибесін көрсетті. Ал IT-эксперт Карлос Мота инновациялық шешімдер мен стартаптарды нарыққа шығару жолдарын түсіндірді.

Хакатон жеңімпаздарына Google Cloud гранты – 25 мың доллар, сондай-ақ серіктестер тарапынан тағылымдамадан өту және қолдау ұсынылды. Жарыс қорытындысы бойынша аталмыш грантты «Synapse» командасы - Бижан Ашыхатов, Милан Гориславец және Жасұлан Серікбек атанды. Олар Астана мен Шымкент қалаларынан. Павлодарлық командалар екінші және үшінші орындарды иеленді, олар әр қатысушы үшін төрт айға Google AI Pro жазылымдарымен марапатталды.

Айта кетейік, бірінші күні қатысушылар тіркеліп, ашылу рәсіміне қатысты, тапсырмалар берілді. Екінші күні дәрістер, интерактивтік сессиялар, стартап-питч және марапаттау рәсімі өтті. Қатысушылар өз шешімдерін Google Forms арқылы тапсырды, олар код, презентация немесе видео түрінде бағаланды.

Хакатон жастарға IT-саласында өз мүмкіндіктерін көрсету, идеяларын іске асыру және кәсіби байланыстар орнату үшін таптырмас алаң болды.

– DevFest – бұл тек біліміңді арттыру емес, сондай-ақ жаңа идеяларды таныстыру және стартаптарды дамыту мүмкіндігі. Біз жарысты үшінші жыл қатарынан өткізіп келеміз. Мұнда әр қатысушы өзінің күшін тексереді, басқа мамандармен тәжірибе алмасады, – деді шара ұйымдастырушы Роман Устименко.

DevFest 2025 хакатоны шаһар жастары үшін өз мүмкіндіктерін көрсету, инновациялық идеялармен танысу және IT-қауымдастықта өз орнын табу мүмкіндігін берді. Іс-шараның ұйымдастырушылары оның тұрақты түрде жыл сайын өткізіліп, өңірде IT-саласын дамытуға үлес қосатынына сенімді.