Ветеринарияны цифрландыру Павлодардан басталды

Ветеринарияны цифрландыру Павлодардан басталды

«Vetlab» жобасының арқасында тұтынушы өнім туралы барлық қажетті ақпаратты ала алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық ветеринарлық-санитарлық инспекциясының бас маманы Ахат Ерғалиев айтып өткендей, мал құжаттарын алу цифрландырылды. Барлық ақпарат QR-кодқа көшіріліп, онда жануардың жасы, иесі, шығу орны, жануарды сою күні, өнім түрі, жануардың жынысы және ішкі сауда объектілерінде өнімді өткізу көрсетіледі. Одан бөлек, мал бірден идентификациялық базадан алынып тасталады, яғни мал есебі жақсара түседі. 

- Мал иесі ветеринарға келеді де, мал дәрігері нөмір бірінші формадағы анықтама береді де, малды сою алаңына жібереді. Ол жерде мал сойылғаннан кейін ветдәрігер екінші нөмірдегі анықтама жазып, өнімді сауда орнына жіберуге рұқсат береді. QR-код сканерлеу арқылы барлық құжаттар берілу уақытын, өнім туралы ақпарат алуға болады. Барлық мәліметтерді өңдеп, өнім сауда орнына әкелгенге дейін санаулы сағаттар өтеді, - дейді Ахат Ерғалиев.

«JAILAU» фермерлік базарында да сараптамалардың барлық түрлері жасалады. Ветеринарлық-санитарлық сарапшы Айгүл Томатаева айтып өткендей, барлық зерттеулер жеіт минут уақыт алады. Химиялық анализ алдында малдың барлық дене мүшелері қауіпті аурулардың барлығына тексеріледі, егер бәрі нормаға сәйкес болса, ет базарға жөнелтіледі. 

Ертіс ауданының «Данат» ШҚ өкілі Рымкүл Рахымованың сөзіне қарағанда, «Vetlab» кәсіпкерлердің де жұмысын жеңілдетті. 

- Сатып алушыларға да ыңғайлы, ет туралы барлық мәліметтер QR-код бойынша көрінеді. Онда малдың тұрғылықты жері, иесі, сойылған уақыты, ет сапасы секілді мәліметтер бар, - дейді Рымкүл Рахымова.

Қазірдің өзінде аталмыш жоба «JAILAU» фермерлік базарынан бөлек, «Манақбай», «Караван» сауда орталықтарында жүзеге асырылуда. Биыл бұл жаңалық басқа да сауда орындарына таратылады, ал өнім түрлері кеңейтіледі.

Айта кетейік, «Етті ветеринарлық-санитарлық сараптау» модулін енгізудің пилоттық жобасы Павлодар облысында пилоттық режимде іске қосылды. Одан кейін жоба басқа өңірлерде де іске асырылатын болады.

Фото: автор