ПМХЗ өндірісті жаңғыртып, өнім көлемін арттырады
Павлодар мұнай-химия зауытында өндірісті жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар мұнай-химия зауытында өндірісті жаңғыртуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы орталық өндірістік-диспетчерлік басқарманың бастығының орынбасары Дархан Жапаров мәлім етті.
- Шикі мұнай бастапқы өңдеу кешеніне келіп түседі. Мұнда ол бензиндік, дизельдік фракцияларға, сондай-ақ мұнай газдары мен мазутқа бөлінеді, — деді Дархан Жапаров.
Мазут кейін терең өңдеу кешеніне жіберіледі.
- Мазут вакуумдық қондырғыда өңделіп, нәтижесінде вакуумдық газойль алынады. Ол гидротазалаудан өтіп, каталитикалық крекинг үшін шикізат ретінде пайдаланылады, — деп түсіндірді ол.
Зауыттағы негізгі технологиялық қондырғы — каталитикалық крекинг. 2017 жылы бірінші жаңғырту кезеңі аяқталғаннан кейін зауыт толықтай К4 (Еуро-4) экологиялық стандартына көшті.
Оның айтуынша, зауыт 1978 жылдан бері жұмыс істеп келеді және Батыс Сібір кен орындарының мұнайын өңдейді.
Жақында Павлодар мұнай-химия зауытында өндірістік процестерді тиімді басқару және энергия қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған бірқатар цифрлық шешімдер таныстырылды. Кәсіпорында автоматтандыру, деректерге негізделген басқару және технологиялық процестерді цифрлық модельдеу құралдары енгізілген. Мамандардың айтуынша, бұл шешімдер адам факторын азайтып, өндірістің сенімділігі мен үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.