ЖИ павлодарлық оқушыларға мамандық таңдауға көмек етуі мүмкін

Бұл жүйені 1000 астам оқушы қолдану үстінде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Павлодарда өткен облыстық тамыз конференциясы аясында қазақстандық «Smart Болашақ» компаниясы мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беруге арналған жаңа цифрлық өнімін таныстырды. Жоба оқушыларға 7-8-сыныптан бастап болашақ мамандығын айқындауға көмектесуді көздейді.
Компания директоры Ербол Джандигуловтың айтуынша, бағдарлама жасанды интеллект негізінде жасалған және халықаралық стандарттарға сәйкес бейімделген:
– Біздің жүйе әр оқушыға жеке траектория құрып береді. Оқушы тестілеуден өткеннен кейін оның қабілеті мен қызығушылығы бойынша нақты ұсыныстар алады. Жүйе мамандыққа қажетті пәндерді, сәйкес жоғары оқу орындарын, сонымен қатар еңбек нарығындағы болжамды жалақы мөлшерін көрсетеді, – дейді ол.
Жобаның ерекшелігі – кәсіби бағдар процесіне бір мезгілде үш тараптың қатысуы: оқушы, мектеп, ата-ана. Мұғалімдер бүкіл сынып немесе мектеп деңгейінде аналитика ала алады, ал ата-аналар баласының қабілеті мен қызығушылығын қадағалап, бірлесе шешім қабылдайды.
Бағдарламада оқушы QR-код арқылы тіркеліп, өзінің жеке кабинеті арқылы тест тапсырады. Тест 30 сұрақтан тұрады, нәтижесінде жүйе баланың бейімділігін жоғары дәлдікпен анықтайды.
– Компания өкілдері мұндай цифрлық құралдың басты артықшылығы ресурсты үнемдеу екенін айтады. Бұл шешім отбасының да, мектептің де, мемлекеттің де уақытын үнемдейді. Ең бастысы – бала ерте жастан өз бағытын анықтап, болашаққа сенімді қадам жасайды, – дейді Ербол Джандигулов.
Цифрлық өнім қазірдің өзінде Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында және Қарағандыдағы бірнеше «Жайлы мектептерінде» қолданыла бастады. 1000 астам оқушы жүйеден өтіп, алғашқы нәтижелер көрсетілген: 28,6 пайызы – техникалық мамандықтарға IT, инженерия, физика, 19 пайызы – биология мен медицинаға, 18,3 пайызы – гуманитарлық салаларға журналистика, филология, психология, 10 пайызы – менеджмент пен заңгерлікке, 8,7 пайызы шығармашылық кәсіптерге қызығушылық танытқан.
Павлодар облысында әзірге бұл жоба іске қосылған жоқ. Дегенмен компания өкілдері өңір мектептерімен келіссөз жүргізіп жатыр. Көрмеде қатысушыларға арнайы QR-код арқылы тіркелу ұсынылды, ал алғашқы тіркелген мектеп өнімді тегін пайдалануға мүмкіндік алады.
«Smart Болашақ» компания директоры Ербол Джандигулов біздің мемлекет дамыған елдердегідей кәсіби бағдарлаудың ортақ стандарты қалыптасқанын қалайды