Павлодар облысында бекіре балығын өсіру жоспарлануда
Бұл балықтың түрі Қызыл кітапқа енген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Былтыр экологиялық науқан аясында «Қазақстан алюминийі» АҚ бекіре тұқымдас балықтарды өзенге жіберген болатын. Келер жылы тағы да Ақсу балық шаруашылығы мен кәсіпкерлерге үміт артылып отыр.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Нұржан Қазтай мәлім етті.
– Ақсуда бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіретін балық шаруашылығы ашылды. Олар су қоймаларындағы балықтардың санын арттыру үшін балық өсіруде – дейді Нұржан Қазтай.
Спикердің мәліметінше, Ертіс бассейнінде кәсіптік балықтың 12 түрі мекендейді. Оның ішінде Қызыл кітапқа енген бекіре және стерлет балықтары. Оларды аулағандар жазаға тартылады.
Еске сала кетейік, өңірімізде балық өсірумен айналысатын 20-ға жуық шаруашылық бар. 2021 жылдан бастап конкурс өткізу арқылы субсидиялар бөлінеді. Балық өсіру үшін шаруашылыққа 10 жылдан 49 жылға дейінгі уақыт мерзімі беріледі.