Павлодарлық полицейлер көлігі сынған азаматқа көмектесті
Бақыт Құспековтың көлігі Екібастұзға дейін 60 шақырым жерде істен шыққан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жүргізуші Астанадан Өскемен қаласына үйіне бара жатқан. Шідерті ауылынан 5 км қашықтықта «Daewoo Nexia» автокөлігі бұзылып қалған. Ол алдымен көлікті өзі жөндеуге тырысқан, бірақ көлігі іске қосылмаған, электр бөлігінде ақау болған. Көмек сұрау үшін жолда жүріп бара жатқан көліктерді тоқтата бастаған, бірақ ешкім тоқтамаған. Осыдан кейін 102 операторына қоңырау шалып, орналасқан жерін айтқаннан кейін 20 минуттан соң полиция қызметкерлері көмекке келген.
– Біз сынған көлікті тросқа алып, Екібастұзға КҚКС-не сүйреп апардық. Ол үйге аман-есен жеткенше онымен байланыста болдық. Жол бойында тұрып қалған автокөлік иелеріне көмек көрсету – полиция қызметіндегі міндетіміздің бірі. Көбінесе жүргізушілерге аяз бен боранда көмек қажет, – дейді Павлодар облысы Шідерті кенті полиция бөлімінің бастығы Қуандық Рахметов.
Тәртіп сақшылары қыстың басынан бастап 10 жүргізушіге көмек көрсеткен, біреудің дизель отыны қатып қалған, көліктің жүріс бөлігі, электр бөлігі және т.б. істен шыққан.
Бақыт Құспеков қиын сәтте көмектескен полицейлерге алғыс білдіріп, видеоүндеу жолдады.