Жұмыссыз жүрген павлодарлықтар үшін қызметке орналасудың жолы жеңілдеді
Ол үшін тек компьютерді қосып, сайтқа кіру керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Enbek.kz платформасы жұмыссыздарға білім мен еңбек дағдылары бойынша бос жұмыс орнын табуға, ал жұмыс берушілерге дұрыс қызметкерді таңдауға көмектеседі. Бүгінгі таңда электрондық еңбек биржасында 2689 бос жұмыс орны бар. Мұнда жұмыс іздеушілерге тұрақты және уақытша жұмыс ұсынылады.
Бұл туралы Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында кеңінен баяндады.
– Әр бос орынның өз мақсаты бар. Бастысы бұл платформада кәсіпорынның атауы, жалақы мөлшері, қажетті білім мен дағдылар көрсетіледі. Enbek.kz бойынша түйіндемені жұмыссыз адам да орналастыра алады. Осыдан кейін жұмыс берушілерден ұсыныс күтеді, - деді ол.
Электрондық еңбек биржасында павлодарлықтар жұмысқа орналасып қана қоймай, мемлекеттік қызметтерді де ала алады. Мәселен, жұмыссыз ретінде тіркеліп немесе жұмысынан айырылу бойынша жәрдемақыға қол жеткізеді. Порталдың басты артықшылығы да осында.
Сонымен қатар, Skills.enbek.kz онлайн жаңа мамандықты үйренуге, тегін немесе ақылы түрде қайта оқуға көмектеседі. Бүгінде платформада түрлі бағыттар бойынша 250-ден астам курс орналастырылған.
Бұдан бөлек, электрондық еңбек биржасы жаңа бастаған кәсіпкерлерге немесе өз ісін кеңейтуді қалайтындарға да қолдау көрсетеді.
Ақпан айынан бастап өңірде жастарды белсенді форматта жұмысқа орналастыру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру тетігі қайта қаралатын болады.
Жұмыс берушілерге жұмыс орнын ұйымдастыруға жұмсалған шығындар 1 млн теңге көлемінде өтеледі. Бұл ретте мемлекет үш жыл ішінде жұмысқа орналасқандардың жалақысын да субсидиялайды.