Заңсыз отшашу сатқан павлодарлықтар жазаланды

Заңсыз отшашу сатқан павлодарлықтар жазаланды
Фото: Константин Шелков

Өңірде «Пиротехника» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодардағы рейдтердің нәтижесінде полицейлер Мәшһүр Жүсіп 288, Айманов 42 және Торайғыров 113 көшелерінде пиротехникалық өнімдерді заңсыз сатудың жолын кесті. 

– Рұқсат құжаттарынсыз отшашуларды сатқаны үшін олар жауапкершілікке тартылды, әрқайсысына 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Ал пиротехникалық бұйымдар тәркіленді, – деді департаментте.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер мен сатушыларға кәмелетке толмағандарға өнімді сатуға тыйым салу туралы ескертіліп, жарылыс қаупі бар бұйымдарды заңсыз өткізгені үшін жауапкершілік туралы еске салынды.

Оған қоса, тәртіп сақшылары мониторинг жасап, әлеуметтік желілерді тексереді. Онда кейбір азаматтар пиротехникалық өнімдерді онлайн сатады. 

– Қала тұрғыны әлеуметтік желі арқылы пиротехникалық өнімдерді сатумен айналысқан жағдай анықталды. Жас жігіт айыппұлды отшашуларды сатудан түскен ақшамен  төлеуге мәжбүр болды, – деді департаментте.

Жеке қауіпсіздік және айналасындағыларға қауіп төндірмеу мақсатында, полиция азаматтарды пиротехникалық бұйымдарды пайдалану ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Бұл ретте, отшашуларды сатып алу кезінде сатушыдан өнімге сәйкестік сертификатын талап ету қажет.