85 мың теңге: Павлодар облысында қанша тұрғынның еңбекақысы өседі?
Өңірде ең төменгі жалақы мөлшерін алатын тұрғындардың еңбекақысы қайта қаралады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру бойынша өткен аппараттық жиналыста облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук мәлім етті.
– Бюджеттік ұйымдардың 21 мың қызметкерін қоса алғанда, өңірде 44 мыңға жуық тұрғынның табысы өседі. 21 мың бюджет қызметкері – бұл жұмысшы мамандықтары мен көмекші персонал. Бұл санаттағы жұмысшылардың жалақысы қайта қаралады, – деді Ирина Назарчук.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Еңбек министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, бюджеттік ұйымдардың жалақысы төмен қызметкерлерінің жалақысын арттыру бойынша жұмыс жүргізуде.
Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырған болатын.