Павлодарда қаланы тазарту жұмыстары бойынша карта әзірленді

Павлодарда қаланы тазарту жұмыстары бойынша карта әзірленді
Фото: Айбек Жұматов

Әкімдікте облыс орталығын тазалау жоспары туралы айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ұлан Дінтаевтың айтуынша, қаланы абаттандыру айлығы сәуірден мамырға дейін жалғасады.

– Бірінші апта, яғни, 13 сәуірге дейін «Таза өлке» деп аталады , – дейді Ұлан Динтаев. – Осы уақыт ішінде елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазалайтын болады. Екінші апта, 20 сәуірге дейін «Киелі мекен» деген атқа ие болды. Бұл уақыт тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыруға арналған.

Коммуналдық қызметкерлер барлық павлодарлықтарды акцияға қатысуға және қаланы санитарлық тазартуға өз үлестерін қосуға шақырады.

– Біздің қала әрқашан өзінің тазалығымен танымал болса, павлодарлықтар – өз қаласының патриоттары және оны өте жақсы көретін елдің ең белсенді және озық азаматтары, – дейді Ұлан Дінтаев. – Соңғы үш жыл ішінде қаланың барлық аулаларында, қала тұрғындары отбасыларымен, балаларымен бірге сенбіліктерге шығып, аумақтар мен ойын алаңдарын ретке келтіріп жатқанын байқауға болады. 

Қаланы толық қамту үшін әкімдікте карта әзірленген. Белгілі бір шағын аудандарға мекемелер мен жергілікті кәсіпорындар бекітілетін болады.

Қоқысты шығару үшін билік 70 самосвал мен 30 тиегішті тартуды жоспарлап отыр. Дәстүр бойынша, бұл кезенде полигонда қоқыс тегін қабылданады. Техникаға өтініш беру телефоны: 322252, 8 775 862 1684 (WhatsApp).

Естеріңізге сала кетейік, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Мемлекет басшысының аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін басталды.