Қарыздан құтылу жолы: «AMANAT» жобасы Павлодарда тоғыз мың адамға үміт сыйлады
Партия Президент тапсырмасы бойынша азаматтардың қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Одан бөлек, аманаттықтар «Әкімдер мектебі» және «Ауыл аманаты» сияқты жобалар арқылы қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталған кешенді қолдау жүйесін жүзеге асыруда.
– Халықтың шамадан тыс қарызға батуы – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше мән беретін өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының маңызын атап өтіп, оның негізгі мақсаты – азаматтардың қарыз жүктемесін азайту ғана емес, тұрақты табыс қалыптастыруға жағдай жасау екенін баса айтты. Осы бағытта «AMANAT» партиясы қаржылық қиындықтарды еңсеруге көмектесуден бастап, дағдарысты жағдайдан шығуға жәрдемдесу, жұмыспен қамтуға ықпал ету және жеке кәсіп ашуға қолдау көрсетуге дейін жүйелі жұмыс жүргізуде, – деді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.
2024 жылдың ақпанында өңірде іске қосылған «Қарызсыз қоғам» жобасы халық арасында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетті. Тек 2025 жылдың он айында ғана жоба аясындағы оқытудан өңірдің тоғыз мыңға жуық тұрғыны өтті.
– Жоба түрлі санаттағы азаматтарға арналған: несие берешегі бар ауыл тұрғындарына, ағымдағы несиелері бар және ықтимал мерзімінен кешігуі бар азаматтарға, жеңілдетілген несие алуды көздейтін жас кәсіпкерлерге, сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға бағытталған. Қатысушылардың көпшілігінде екі және одан да көп несие бар және олар бойынша кешіктірілген берешектер жинақталған. Бұған негізгі себеп – халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі болып табылады, – делінген хабарламада.
Аманаттықтардың айтуынша, жобаның мақсаты – азаматтарға қаржылық және құқықтық тұрғыдан білікті көмек көрсету, олардың қаржылық сауаттылығын арттыру және банктік әрі микрокредиттік проблемалық қарыздарын реттеуге жәрдемдесу.
– Бүгінде оқыту онлайн форматта өтеді, бұл қатысу мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтті. Қатысушылар тек пайыз есептеуді ғана емес, жалпы қаржы жүйесінің қалай жұмыс істейтінін және өз құқықтарын қорғауды үйренеді. Сонымен қатар, білікті заңгерлер банктік шоттардың бұғатталуы, проблемалық несиелер және заңсыз ұсталымдар бойынша мәселелерді шешуге көмектеседі. Мысалы, облыс орталығының тұрғыны, көпбалалы анаға жоба мамандары екі атқарушылық іс жүргізуді тоқтатып, банктермен жаңа төлем кестелерін бекітуге көмектесті. Ал Екібастұздың көпбалалы әкесінің 3,2 миллион теңге қарызы бес жылға ыңғайлы ай сайынғы төлеммен қайта құрылымдалды, – деп атап өтті филиалда.
Жоба тек жеке мәселелерді шешіп қана қоймай, жаңа қаржылық мәдениет қалыптастыруға ықпал етеді.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясының үйлестіруімен «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыруға 11 мемлекеттік орган мен 12 коммерциялық банк атсалысуда. Азаматтардың ыңғайы үшін qogamfin.kz атты онлайн-платформа әзірленген. Сайт арқылы заңгерлік кеңеске жазылуға, пайдалы материалдар мен бейнесабақтарды жүктеп алуға мүмкіндік бар.