Павлодарда неліктен жылу энергиясы төлемдерінің бағасы өсті

«Павлодарэнерго» АҚ қызмет құнының өзгеруіне қандай факторлар әсер еткенін айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
– Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап инвестициялық міндеттемелерді орындауға және жыл сайынғы инфляция деңгейіне байланысты тарифтің өзгеруі орын алды. Яғни, есептеу аспабы бар тұрмыстық тұтынушыларда 1 Гкал үшін 2050,57 теңгеден 2672,89 теңгеге дейін өсті. Есептеу аспаптарымен жабдықталмаған үйлерде тариф 1 Гкал үшін 3145,70 теңгеден 3473,92 теңгеге дейін артты, – деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ сыртқы температураның өзгеруі де жылу энергиясының нақты тұтынуына әсер еткен.
– Мәселен, төмен температурада тұрғын үй қорындағы жылу шығыны жалпы есептеу құралдары бойынша артады, сәйкесінше төлем де көбейеді. Күзгі кезеңде ауаның орташа температурасы +5, +7 градус, қыста -12, -15 градус болды, – деп жазылған хабарламада.
Қала тұрғындары толығырақ ақпаратты «Павлодарэнергосбыт» ЖШС байланыс орталығынан біле алады. Көп арналы телефон нөмірі: 8 (7182) 903-309.
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде жылу энергиясына төлемдердің өсуіне қатысты шағымдар жиілеген болатын.