Павлодарда еңбек қауіпсіздігінің жаңа тұжырымдамасы таныстырылды
Облыста 46 мың адам зиянды және қауіпті жағдайда еңбек етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Құжат Павлодар облысы әкімі Асайын Байханов қатысуымен өткен әлеуметтік және еңбек қарым-қатынастарын реттеу және әлеуметтік әріптестік жөніндегі комиссия отырыста жария етілді.
- Азаматтарымыздың еңбек ету сапасын арттырудың қаншалықты маңызды екендігін жете түсінеміз. Сол себепті біз жалақының уақтылы төленуі мен еңбек жағдайын жақсартуға аса мән береміз. Жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің мүддесі арасындағы балансты ұстану қажет. Көпір салу қиын, ал оны бұзу – оңай, - деді өңір басшысы.
PARYZ Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиум төрағасы Жұмабек Жанықұлов та осы іске барлық мүдделі тараптардың қатысуын қамтамасыз етілуінің ерекше маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Шолпан Әбікенова 2030 жылға дейінгі ҚР Еңбек қауіпсіздігінің тұжырымдамасының негізгі тұстарын ұсынды.
Мәселен, зиянды және қауіпті орындарда еңбек ететіндерге арналған әлеуметтік кепілдіктер саласы реформаланады.
- Мұндай адамдарға арналған әлеуметтік кепілдіктер тәжірибесі сонау 1918 жылдан, яғни Владимир Лениннің жерді шаруаларға, фабрикаларды жұмысшыларға беру туралы сөйлеген заманнан бастау алады. Ол зиянды жұмыс істейтіндерге сүт пен бір бөлке нан беруді ойлап тапты. Содан бері мемлекет кепілдіктері тек ұлғая берді, - деді Шолпан Әбікенова.
Зиянды жұмыс істейтіндердің зейнетке шығу мерзімін 55-57 жасқа дейін қысқарту, еңбекақы көлемін ұлғайту, жұмыс істеу мерзімін 15-тен 20 жылға дейін шектеу, медқызметті күшейту және зиянды жұмыс істейтіндерді бірте-бірте қайта даярлап, жеңіл жұмысқа шығару жүйесін енгізу көзделуде.
Павлодар облысында барлығы 755 мың адам тұрады. Олардың 403 мыңы экономикалық белсенді жандар, төрттен бірінің көбі өнеркәсіпте еңбек етеді.