Павлодар ауданында қызметкерлердің ақшасы уақытында аударылмаған

Павлодар ауданында қызметкерлердің ақшасы уақытында аударылмаған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қарыз соммасы 30 миллион теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар ауданында мәдениет үйінің қызметкерлеріне тиесілі міндетті төлемдердің уақытылы аударылмағаны анықталды. Мәселе аудан прокурорының тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен өткен көшпелі кездесуінде көтерілген. Азаматтардың өтініштері негізінде жүргізілген тексеру барысында Павлодар аудандық мәдениет үйінде еңбек заңнамасының талаптары сақталмағаны белгілі болды.

Атап айтқанда, бухгалтерлік есептегі кемшіліктерге байланысты 69 қызметкер үшін міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және басқа да төлемдер уақытылы аударылмаған. Берешектің жалпы сомасы 28 миллион теңгеден асқан.

Прокуратураның ұсынымы қаралғаннан кейін қызметкерлер алдындағы берешек толық өтелді.

Сонымен қатар, заң бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Осылайша, көшпелі кездесу барысында тұрғындардың өтініші негізінде еңбек құқықтарының бұзылуы анықталып, 69 қызметкерге тиесілі төлемдердің толық көлемде өтелуі қамтамасыз етілді.