«ҚазАвтоЖол» келер жылға жол бойындағы сервисті дамытудың жаңа тәсілдерін ұсынды
Кездесуде ұлттық оператор мен бизнес өкілдері сервисті дамытудың үш негізгі нұсқасын талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында заманауи, қауіпсіз және тұрақты қызмет көрсету желісін құруға бағытталған жаңа тәсілдерін таныстырды. Жиында компания басшылығы мен бизнес-қауымдастық өкілдері саланың қазіргі жағдайы, 2026 жылға арналған жоспарлар және сервистік инфрақұрылымды дамытудың өзекті модельдері туралы пікір алмасты.
– Ұлттық оператор басқаратын 25 мың шақырым республикалық маңыздағы автомобиль жолдары желісінде бүгінде 1 406 жол бойына қызмет көрсету нысаны орналасқан. Оның 1 306-сы (93%) ұлттық стандарт талаптарына сай. 2025 жылы 63 жаңа нысан ашылды: 33 сервис нысаны және 30 санитарлық-гигиеналық тораптары бар модульдік павильон. Қазір 33 нысан пайдалануға берілген – оның ішінде 17 автожанармай құю станциясы, 10 тамақтану пункті және төрт кешен мен кемпинг бар. Олар Ақмола, Алматы, Павлодар, Түркістанды қоса алғанда, 13 облыста қызмет көрсетеді. Сонымен қатар 30 модульдік санитарлық торап орнатылып, оның 13-і жұмыс істеп тұр, – деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметі.
Жиналыста жол бойындағы сервисті дамытудың үш негізгі нұсқасы ұсынылды.
- Қолданыстағы демалыс алаңдарын модернизациялау, бұл бизнес өкілдерін тартуды, ақылы тұрақ енгізуді және санитарлық тораптар, душ, дүкендер сияқты базалық қызметтерді қамтамасыз етуді көздейді.
- 2025 жылы жөнделетін жол учаскелерінде жаңа демалыс алаңдарын салу. Компания инвесторларға асфальтбетон жабыны бар, электр қуатымен қамтамасыз етілген дайын орындар ұсынуға дайын.
- Барлық инженерлік инфрақұрылым жүргізілген, функционалды аймақтарға бөлінген көпфункционалды сервистік аймақтар құру. Мұнда бір аумақта тұрақ, жанармай құю бекеттері, кафе, қонақ үйлер және өзге де қызмет түрлері жинақталмақ.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев жобаны іске асыруда мемлекеттік-жеке әріптестіктің маңызын атап өтті.
– Жол бойындағы сервисті дамыту – қауіпсіздікке, жайлылыққа және өңірлердің экономикалық әлеуетіне тікелей әсер ететін стратегиялық міндет. Біз инфрақұрылымды дамытудың жүйелі моделіне көшуді ұсынып отырмыз және инвесторлармен ашық диалогқа дайынбыз. Бірлескен жұмыс еліміздің жолдарында сапалы әрі қолжетімді сервистің жаңа стандартын қалыптастырады деп сенемін, – деді ол.
Компания жол бойындағы сервисті жаңғырту жобасын өңірлік экономиканың өсуіне, жергілікті бизнестің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ететін ұзақ мерзімді бастама ретінде бағалайды. Сондай-ақ кәсіпкерлермен бірлесіп сервистік инфрақұрылым нысандарын жоспарлау және іске асыруға дайын екенін мәлімдеді.
Кездесу соңында компания өкілдері қатысушыларды сервистік аймақтарды дамытуға арналған бірыңғай тұжырымдама әзірлеу бойынша әрі қарайғы талқылауға шақырды.