Мемлекет басшысы Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды
![Мемлекет басшысы Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды](https://pavlodarnews.kz/uploads/images/202502/image_750x_67a5f56b37fe1.jpg)
Ол отандық бизнес өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтында жарияланды.
– Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, ол Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс екенін атап өтті.
– Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс, – деді мемлекет басшысы.
Оған қоса, президент жиын барысында айтылған ой-пікірлер де ескерілетінін жеткізді. Сонымен қатар, мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет екенін, яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет екенін ескертті.