Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу емтиханындағы шектеулер алынып тасталмақ

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу емтиханындағы шектеулер алынып тасталмақ
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

ІІМ мен Цифрлық даму министрлігі куәлік алу ережелерін жеңілдету және процесті автоматтандыру мәселесін қарастырып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, елімізде жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсырудың жаңа қағидалары енгізілуі мүмкін. Негізгі өзгерістің бірі – емтихан тапсыру әрекеттерінің санына қойылған шектеуді толықтай алып тастау жоспары. Бұл азаматтарға шексіз мүмкіндік беріп, рәсімдердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Жаңа жоба бойынша практикалық емтиханды мерзімінен бұрын қайта тапсырудың ақылы жүйесі енгізіледі. Үміткерлер әр 10 күн сайын ақылы негізде өз бағын сынай алады. Сонымен қатар азаматтардың тегін тапсыру құқығы да сақталады, бірақ бұл мүмкіндікті айына бір рет қана пайдалануға болады.

Ішкі істер министрлігі бұл ретте адам факторын барынша азайтуға басымдық беріп отыр. Емтихан қабылдау процесін толық автоматтандыру арқылы жүргізу дағдыларын объективті бағалау және жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу көзделген.

Министрлік өкілдерінің мәлімдеуінше, басты міндет — болашақ жүргізушілер үшін тең жағдай жасау. Цифрлық шешімдерді енгізу арқылы емтихан алудың ашықтығы қамтамасыз етіліп, заңсыздықтардың алды алынбақ. Мұндай қадамдар жүргізуші даярлау сапасын жаңа деңгейге шығаруға тиіс.