Қазақстанда азық-түлік инфляциясы баяулап келеді

Қазақстанда азық-түлік инфляциясы баяулап келеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Үкімет бағаны тұрақтандыру үшін қосымша шараларды іске асыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың төрағалығымен өткен кеңесте 2026 жылдың маусым айындағы инфляция қорытындылары, азық-түлік бағасының өзгеруі және ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру шаралары қаралды.

Министрліктің мәліметінше, маусым айында жылдық инфляция 10,3 пайызды құрап, мамырдағы 10,4 пайыздан төмендеді. Сонымен қатар азық-түлік инфляциясының баяулау үрдісі де сақталды. Жылдық көрсеткіш 10,7 пайыздан 10,4 пайызға дейін төмендесе, азық-түлік бағасының айлық өсімі 0,6 пайызды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгейден (0,9 пайыз) төмен болды.

Кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына ерекше назар аударылды. Маусым қорытындысы бойынша олардың бағасының индексі 0,4 пайызды құрады. Бағаның өзгеруіне негізінен маусымдық жеміс-көкөніс өнімдері әсер еткен. Бұл жаңа өнімнің нарыққа шығуымен және жекелеген тауарлар бойынша импортқа тәуелділікпен түсіндірілді.

Сонымен бірге отандық көкөніс пен жеміс өнімдерінің көлемі артып, ішкі нарық белсенді түрде толықтырылып жатыр. Үкіметтің мәліметінше, бұл жағдай бағаның тұрақтануына ықпал етіп, алдағы уақытта олардың төмендеуіне мүмкіндік береді.

Шілде айының алғашқы күндерінен бастап жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасы тұрақтана бастады. Осы кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,1 пайызға төмендеді. Қияр 14,5 пайызға, қызанақ 12,3 пайызға, сәбіз 2 пайызға, алма 0,2 пайызға арзандады.

Кеңес барысында ет нарығындағы жағдай да қаралды. Маусым айында қой етінің бағасы тек Жетісу, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында өскені айтылды. Бұған сыртқы сұраныстың жоғары болуы әсер еткен. Биылғы жылдың алғашқы бес айында қой еті экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық өсіп, 10,6 мың тоннаға жетті. Сонымен қатар осы кезеңде 113 тонна жылқы еті экспортталған.

Үкімет импорттық ет өнімдерін тарту тек қайта өңдеу кәсіпорындары мен HoReCa секторын қамтамасыз етуге бағытталатынын атап өтті. Бұл шара ішкі нарықтағы отандық өнім көлемін сақтауға мүмкіндік береді.

8 шілдедегі жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жыл басынан бергі өсімі 1,9 пайызды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 7,6 пайыздық өсіммен салыстырғанда төрт еседен астам төмен.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кірмейтін жеміс-көкөніс өнімдерін импорттауға арналған «жасыл дәліз» тетігін кеңейтуді қарастырып жатыр. Сонымен қатар өңірлерге ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің санын көбейту тапсырылды.

– Қазір маусымдық мүмкіндікті тиімді пайдалану аса маңызды. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің санын көбейтіп, халықтың отандық өндірушілер өнімдеріне тікелей қол жеткізуіне жағдай жасау қажет. Жыл басынан бері 4 149 жәрмеңке өткізілді. Енді жаз маусымы аяқталғанға дейін кемінде тағы 1,5 мың жәрмеңке ұйымдастыру қажет, – деді Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.

Оның айтуынша, қазіргі басты міндет – маусымдық өнімнің мол түсу кезеңін тиімді пайдаланып, бағаның одан әрі төмендеуіне жағдай жасау және ішкі нарықтағы өнім көлемінің жеткілікті болуын қамтамасыз ету.

Кеңес қорытындысы бойынша әкімдіктерге ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту, баға белгілеу саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің санын арттыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу жөнінде тапсырмалар берілді. Сонымен қатар өңірлерді әлеуметтік нан өндіруге арналған арзандатылған астықпен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта тиісті келісімдерге Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары және Астана қаласы қол қойған.