Тоқаев биылғы Жолдаудың мазмұны мен маңызы ерекше екенін айтты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысында «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялап жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының сөз сөйлеуі сағат 11:00-де басталды. Тікелей эфир республикалық телеарналарда және Ақорданың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында көрсетіліп жатыр.
Жолдауды бастай отырып, Президент оның елдің одан әрі дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы 25 қазанда қазақстандықтар Республика күнін атап өткенін еске салды. Дәл осы күні мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, тәуелсіздікке бастайтын маңызды қадам жасалған еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы атап өтілетініне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл тарихи дата ел шежіресінде ерекше орын алады.
Сондай-ақ Президент конституциялық өзгерістерге назар аударды. Ол наурыз айында қазақстандықтар жаңа Конституцияны қабылдағанын, ал оның 1 шілдеде заңды күшіне енгенін еске салды.
Мемлекет басшысының сөзінше, халық қолдаған Конституция елдің саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртуға және биліктің жаңа институттарын қалыптастыруға тың серпін берді.
Президенттің Жолдауы жалғасып жатыр. Жолдаудың толық мәтіні Ақорданың ресми ақпараттық ресурстарында жарияланады.