Үш күнде «Ертіс орманында» оннан астам өрт шықты

Үш күнде «Ертіс орманында» оннан астам өрт шықты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жалынның тұтануына негізгі себеп найзағай, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесінің мәлімдеуінше, 7–9 шілде аралығында резерват аумағында найзағайлы фронттың әсерінен 13 орман өрті тіркелді.

– Өрттердің шығу себебі – табиғи фактор, яғни найзағайдың түсуі. Өрт ошақтарының барлығы орман күзеті, «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік кәсіпорны және төтенше жағдайлар қызметінің бірлескен күш-жігерінің арқасында дер кезінде анықталып, жедел оқшауланды. Өрт қауіпті кезеңде өңір тұрғындарын өрт қауіпсіздігі қағидаларын қатаң сақтауға және табиғатқа ұқыпты қарауға шақырамыз, - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, 7 шілде күні сағат 15:50-де Аққулы ауданындағы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында орманның қылқан жапырақ қабаты жанды. Тілсіз жау 8 шілде күні сағат 10:24-те толық сөндірілген болатын.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, биылғы жаздағы аптап ыстық пен жауын-шашынның аз болуы табиғи өрттердің көбеюіне тікелей әсер еткен. Павлодар облысында өрт қауіпті кезең басталғалы жалпы ауданы 176,5 гектарды құрайтын 63 орман өрті тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21%-ға көп.