Үйімде бассейн бар сияқты: Павлодарлық тұрғын су ақысының төлеміне шағымданды

Үйімде бассейн бар сияқты: Павлодарлық тұрғын су ақысының төлеміне шағымданды
Фото: Константин Шелков

Тұрғын төлемді ұялы телефондағы Kaspi қосымшасы арқылы төлеген, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ол әлеуметтік желіде су ақысына 79 мың 809 теңге төлегенін жазған. 

– Мен үнемі су ақысын төлеп, көрсеткіштерді беріп отырамын. Ал осы жолы су ақысына есеп келгенде таң қалдым. Тіпті, үйімде құдды бассейн бар сияқты, – дейді ер адам әлеуметтік желіде. 

Ал «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің өзі Kaspi Bank-тегі техникалық ақауларға байланысты павлодарлықтар төлем туралы қате хабарламалар алуы мүмкін екенін хабарлады.

– «Павлодар-Водоканал» тұтынушыға айына бір рет ағымдағы деректер мен төлем сомасы көрсетілген төлем түбіртегін жібереді. Kaspi қосымшасы арқылы берілген хабарламалар банктің техникалық ақауларына байланысты қате болып табылады. Біз тек қағаз түбіртектерге сенуге шақырамыз, – дейді компанияда.

Қосымша ақпаратты 66-10-10 телефоны бойынша байланыс орталығынан немесе +7 (776) 662-77-80 нөміріне WhatsApp қосымшасы арқылы алуға болады.