Павлодарлықтарға көгершіндерді азықтандыру керек пе?

Бейбітшілік құстары қауіпті паразиттердің таралуына ықпал етуі мүмкін. Көгершіндерді азықтандыру құстарға деген қамқорлықтың белгісі ме, әлде қала тазылығына нұқсан келтіру ме? @Pavlodarnews.kz тілшісі бұған қатысты маман пікірін білу мақсатында ғалымдардың көмегіне жүгінді.
Биология ғылымдарының докторы, паразитолог Қанат Ахметовтің айтуынша, павлодарлықтарға синантроптық құстарды, яғни адамға жақын мекендейтін қанаттыларды азықтандырмауға кеңес береді.
– Қалаларда тығыз шоғырланған көгершіндерге адам азық берсе, олардың санын арттырады. Бұл популяцияның шамадан тыс көбеюіне әкеледі. Ал олардың тіршілік әрекеттерінің өнімдері, яғни нәжісі жағымсыз ғана емес, денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін, – дейді Қанат Ахметов. – Мұндай құстар зиянды паразиттерді, оның ішінде қарапайым түрлері мен гельминттерді таратады. Кейбіреуі адам үшін қауіпті емес, мысалы, простогонимоз, бірақ ол құс шаруашылықтарына елеулі зиян келтіреді.
Ғалым көгершіндердің паразиттерді адамға ғана емес, тауық, үйрек және өзге үй құстарына жұқтыра алатынын атап өтті. Бұл жұқпалы ауру ошақтарының сақталуына және таралуына себеп болады.
– Қосымша алаңдаушылық тудыратын мәселе – орнитоз. Бұл ауру адам ағзасындағы аллергиялық реакцияларға себепші. Сондықтан, арнайы орындар құру арқылы синантроптық құстардың көбеюіне жағдай жасау қалалық орта үшін тиімсіз шешім, – дейді биолог.
Қанат Ахметов көгершіндерді азықтандыруға заңмен тыйым салған Венецияны мысалға келтіреді.
– Бұл тарихи қалада көгершіндер мыңдап жиналып, ғимараттардың сыртына қонады. Олардың қалдықтары жоғары қышқылдыққа ие, бұл – құрылымдарға, үйлердің бояуларына, декоративтік элементтеріне зиян келтіреді, – дейді биолог.
Айта кетейік, Венецияда көгершіндерді азықтандырғаны үшін 36 еуро көлемінде айыппұл салу түріндегі жаза қарастырылған. Бұл ереже үйде қоқысты рұқсатсыз жерге тастаған адамдарға да қатысты қолданылады.
Соңғы күндері ғаламторда Қазақстанда көгершіндерді азықтандыруға тыйым салу туралы пікірталас қызу жүріп жатыр. Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді: біреулері құстарды аялау керек десе, екіншілері арнайы тамақтандыру орындарын жасауды ұсынады.
Еске салсақ, Павлодар облысында, әсіресе, Ертіс бойындағы аудандарда құзғындардың саны күрт өсуде. Бұл жыртқыш құстар өңірдегі балық қорына елеулі әсер етуде. Қазіргі уақытта ғалымдар жазғы санақ жүргізіп, құстардың қоршаған ортаға зиянын зерттеуде. Мақсат – экологиялық тепе-теңдікті сақтауға арналған ұсыныстар әзірлеу.