Железин ауданында коммуналдық кәсіпорын 100-ден аса қызметкерге берешек болды

Қызметшілерге жалақы, демалыс төлемдері кешіктіріліп берілген, сондай-ақ, әлеуметтік аударымдар жасалмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Железин ауданының прокуратурасы жылу энергиясын өндіру, беру және тарату, сондай-ақ сумен жабдықтау қызметімен айналысатын «Көмек» ШЖҚ КМК-нің қызметін тексеру барысында өрескел заңбұзушылықтарды анықтады.
Мысалы, кәсіпорын үш жылдан астам уақыт бойы салықтық міндеттемелерін орындамаған, 137 қызметкерге әлеуметтік аударымдар мен үстемеақылар төлемеген, соның салдарынан 66 миллион теңгеден астам берешек пайда болған.
Сондай-ақ, кәсіпорын қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен, арнайы киіммен және аяқ киіммен қамтамасыз етілмеген, жалақы мен еңбек демалысына төлемдер үнемі кешіктіріліп төленген. Бұл арқылы жұмысшылардың еңбек құқықтары бұзылған.
– Анықталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында прокуратура аудан әкімі мен фискалдық органға қадағалау актісін енгізді, – деді Павлодар облысы прокуратурасында.
Нәтижесінде 137 қызметкерге әлеуметтік аударымдар төленді.