Қасым-Жомарт Тоқаев жас ғалымдарға пәтер кілтін табыс етті

Қасым-Жомарт Тоқаев жас ғалымдарға пәтер кілтін табыс етті
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігінен

Тұрғын үйлер Алматы және Астана қалаларынан өтеусіз негізде берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамыту және жас зерттеушілерді қолдау жөніндегі мемлекеттік саясат аясында Ғылым қызметкерлері күніне орай 10 жас ғалымға пәтер кілтін табыстады. 

Бүгінде Алматы қаласында баспана алған жас ғалымдар толық жабдықталған пәтерлерге қоныстанып үлгерді. Қоныс иелері жасалған қолайлы жағдайлардың ғылыми және кәсіби қызметке алаңсыз көңіл бөлуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Жас зерттеушілер өздерінің шынайы қуаныштары мен мемлекетке деген ризашылықтарын білдірді.

Ғалымдарды марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы ғылымның әлеуеті елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және халықаралық аренадағы беделін нығайтудың негізгі факторына айналып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, ғылым мен білімге инвестиция салған мемлекеттер әлемде алдыңғы қатардан көрінеді. Сонымен қатар Президент отандық ғылымның болашағы жаңа идеялар ұсынып, ел дамуына серпін беретін дарынды, мақсатшыл әрі зияткер жас буынның қолында екеніне тоқталды.

Қазіргі таңда 600-ден астам жас ғалым баспанамен қамтылды. Бұдан бөлек, олар үшін арнайы гранттар қарастырылған, сондай-ақ біліктілікті арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту мүмкіндіктері бар.