Қазақстанда мұнай-газ химиясы өндірісі 2030 жылға қарай екі есеге өседі

Қазақстанда мұнай-газ химиясы өндірісі 2030 жылға қарай екі есеге өседі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Салада ірі жобалар іске асып, Павлодарда жаңа зауыт салынып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Астанада өткен XIII «KAZNEFTEGAZSERVICE - 2026» конференциясында Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласын дамыту бағыттары таныстырылды. Энергетика министрлігінің өкілі Темірлан Үркімбаевтың айтуынша, негізгі мақсат – шикізатқа тәуелділікті азайтып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге көшу.

Соңғы жылдары салада тұрақты өсім байқалады. Мәселен, мұнай-газ химиясы өнімдерінің көлемі 2023 жылы 358 мың тонна болса, 2025 жылы 619 мың тоннаға жеткен. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,22 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Бұл өсім ірі инвестициялық жобалармен байланысты. 2022 жылы Атырауда полипропилен өндіретін KPI газ-химия кешені іске қосылды. Қазір оның өндіріс көлемі жылына 375 мың тоннаға жеткен.

Сонымен қатар ел тарихындағы ең ірі жобалардың бірі – жылына 1,25 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Ол 2029 жылы іске қосылады деп жоспарланған.

– Өңірлік тұрғыда Павлодар облысында да маңызды жоба жүзеге асырылуда – мұнда алкилат өндіретін зауыт салынуда. Бұдан бөлек, карбамид (880 мың тонна) және бутадиен (340 мың тонна) өндіру жобалары қатар іске асуда, – деді ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Жалпы алғанда, 2030 жылға дейінгі жол картасы аясында төрт ірі жобаға шамамен 12 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, 2,4 мың тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Министрлік саладағы заңнаманы жетілдіруге де назар аударып отыр. Қазіргі уақытта «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасы әзірленуде. Бұл құжат шикізатқа тең қолжетімділікті қамтамасыз етіп, жаңа инвестициялар тартуға бағытталған.

Сондай-ақ халықаралық серіктестермен бірлесіп жұмыс істеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Ол испаниялық Tecnicas Reunidas және италиялық Maire Tecnimont компанияларымен жобаларды үйлестіруге мүмкіндік береді.

Кадр даярлау бағытында да жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылдың шілде айынан бастап 35 қазақстандық түлек Испанияда білім алып жатыр. Сонымен қатар Қазақстанда ТМД мен Кавказ елдеріне қызмет көрсететін өңірлік инженерлік-өнеркәсіптік хаб құрылуда.

Мамандардың айтуынша, бұл бастамалар елдің технологиялық тәуелсіздігін нығайтып, мұнай-газ химиясы саласының тұрақты дамуына серпін береді.