Келесі жылы Қазақстанда БЦС бар пациенттердің тегін ем алу құқығы өзгермейді

Келесі жылы Қазақстанда БЦС бар пациенттердің тегін ем алу құқығы өзгермейді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тегін ем мен дәрі-дәрмек бұрынғыдай қолжетімді болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Медициналық кепілдіктердің бірыңғай пакетіне көшеді. Созылмалы аурулары бар барлық пациенттер бұрынғы көлемде ем қабылдауды және дәрі-дәрмек алуды жалғастырады. Жаңартулар денсаулық сақтау жүйесін әділ, тұрақты және баршаға қолжетімді етуге бағытталған.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 14 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданған болатын. Бұл құжат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің тиімділігін арттыруға және халықты медициналық қызметтермен кеңінен қамтуға бағытталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет өңірлерге азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын (D және Е санаттары) сақтандыруға мүмкіндік беретін қаржылық тетіктер енгізілуде. Бұл 1 миллионнан астам азаматтың медициналық көмекке қосымша қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Мемлекет бұрынғыдай жеңілдікке ие барлық санаттарға – балаларға, жүкті әйелдерге, зейнеткерлерге, студенттерге, мүгедектігі бар жандарға және жұмыссыздарға қатысты өз кепілдіктерін сақтайды. Жалпы алғанда, бұл 11 миллионнан астам қазақстандықты, оның ішінде БЦС бар барлық пациенттерді қамтиды.