Қазақстанда 2026 жылдан бастап АЕК мөлшері өзгеріп, мемлекеттік баж қайта қаралады
Осыған байланысты жеке басын куәландыратын құжаттар үшін алынатын мемлекеттік баж мөлшерлемелеріне өзгерістер енгізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) мөлшері 4 325 теңгені құрайды.
Осыған байланысты жеке басын куәландыратын құжаттарды бергені үшін мемлекеттік баж мөлшерлері мынадай болады:
- Қазақстан Республикасы азаматының паспорты:
- 24 бет – 17 300 теңге (16 жасқа дейінгі балалар үшін);
- 36 бет – 34 600 теңге;
- 48 бет – 51 900 теңге.
- Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі – 865 теңге.
- Бір жылдың ішінде екі реттен көп жоғалуына байланысты жеке куәлік – 3 932 теңге.
- Азаматтығы жоқ адамның куәлігі, жол жүру құжаты – 31 456 теңге.
Сонымен қатар, Кодекске 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енетін өзгерістер енгізіледі.
– Атап айтқанда, ҚР азаматының жеке куәлігін алғаш рет алуға өтініш білдірген азаматтар (16 жасқа толғанда, оның ішінде 18 жастан асқандар, 1974 жылғы үлгідегі бұрынғы КСРО паспортының негізінде немесе оны жоғалтуына байланысты қалпына келтіру кезінде, сондай-ақ ҚР азаматтығын қабылдағандар), сондай-ақ жеке куәлікті жарамдылық мерзімі аяқталуына байланысты ауыстырған жағдайда мемлекеттік баж төлеуден босатылады, – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, бір жылдың ішінде екі реттен көп жоғалуына байланысты жеке куәлік бергені үшін мемлекеттік баж мөлшері 0,2 АЕК-тен 1 АЕК-ке дейін ұлғайып, 4 325 теңгені құрайды.
Полиция ведомствосының мәліметінше, қабылданған түзетулер негізгі құжаттарды алу рәсімдерін жеңілдетуге, азаматтарға түсетін қаржылық жүктемені азайтуға, сондай-ақ құжаттарды ұқыпты сақтау жауапкершілігін арттыруға бағытталған.