Қазақстанда Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындық қалай жүруде?

Қазақстанда Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындық қалай жүруде?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жарыстардың басталуына шамамен елу күн қалды. Билеттер сатылымға шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ресми сайтының мәліметінше, ойындар 8-14 қыркүйек аралығында Қазақстанда тұңғыш рет өтеді. Көшпелілер мәдениетінің бірегей мерекесі саналған әлемдік оқиға дәстүр мен заманауи жетістіктерді насихаттау мақсатында әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылар мен көрермендердің басын біріктіреді. 

Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп күтілуде. 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ойындардың бас демеушісі – ALAGEUM ELECTRIC, бас серіктесі – Халық банкі.

Қазіргі таңда Ойындарға дайындық қызу жүріп жатыр. Билеттерді ресми билет операторы zakazbiletov.kz сайтынан алуға болады. Бүгінде қазақ күресі, Алыш (қырғыз күресі), Көрәш (татар күресі), дәстүрлі садақ ату, асық ату, Ордо, таяқ тарту, Күрәш (өзбек күресі), арқан тартыс, Ашыртмалы аба гүреші (түрік күресі) жарыстарына билеттер сатылымға шығарылды. Ашылу рәсімі мен көкпар, көк бөрі, бәйге, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, құсбегілік, алыптар сайысы сынды жарыстарға билеттер тамыз айының басында сатылымға шығады. Әсіресе дәстүрлі садақ ату мен асық ату жарыстарына сұраныс көп, – дейді ұйымдастырушылар.

Ойынның маңызды бөлігінің бірі «Бірлік керуені» мәдени бағдарламасы. Бұл бірегей жоба көшпелі халықтардың мәдени байлығы мен алуан түрлілігін көрсетуге бағытталған.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Қазақстанның ұлттық құрамасы соңғы дайындық-жаттығу жиындарын өткізуде. 

Естеріңізге сала кетейік, ойындардың ашылу салтанатының алдында Баянауыл ауданында су эстафетасы өтеді. 29-30 тамыз күндері Торайғыр ауылында қатысушылар торсыққа бұлақтан су жинайды. Көшпенділер ойындарының ашылу күні батырлар торсықтарды салтанаттың өтетін орнына жеткізеді. Бұл Олимпиадалық және Азиялық спорттық жарыстардағы алауды жағу дәстүріне ұқсас болады.