Үкіметтің 2023 жылғы резерві қанша
«Ашық НҚА» порталында 2023 жылға арналған республикалық бюджеттің көрсеткіштерін түзету туралы Үкімет қаулысының жобасы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Көрсетілген қаулыға 2-4, 2-6 және 8-қосымшалар осы қаулыға 2, 3 және 4-қосымшаларға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын», - делінген қаулы жобасында.
Аталған 8-қосымшада Үкімет резервіне қарастырылған қаржының мөлшері нақтыланған. Атап айтсақ, Үкiмет резерві 276 млрд 313 млн 920 мың теңге көлемінде белгіленген.
Оның 8 млрд 500 млн теңгесі Қазақстан мен басқа мемлекеттердің аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға арналмақ.
Ал 265 млрд 763 млн 920 мың теңгесі Үкіметтің шұғыл шығындарына бағытталмақ.
Сондай-ақ, 1 млрд 700 млн теңге Қазақстан Үкіметінің түрлі деңгейдегі соттар қабылдаған шешімдер аясындағы міндеттемелерін орындауға арналған. Қалған 350 млн теңге табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде халықтың тіршілігін қамтамасыз етуге бағытталмақ.
Құжат 9 шілдеге дейін қоғам талқылауында болады.