Әр жеңімпазға - 5 млн теңге: «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына өтінім қабылдау жалғасып жатыр
Мәдениет және спорт министрлігі жариялаған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына бүгінге дейін 64 өтінім келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның ішінде «Үздік проза» номинациясына – 26 шығарма, «Үздік драма» – 2 өтінім, «Үздік поэзия» - 21, «Үздік әдеби сын» аталымы бойынша – 1 өтінім, «Үздік әдеби аударма» - 4, «Үздік балалар әдебиеті» - 8, «Үздік комикс» - 2 өтінім.
Еске сала кетсек, әдеби сыйлықтың жалпы жүлде қоры – 35 млн теңге. Әр номинацияға 5 млн теңгеден қарастырылған.
Үміткерлердің өтінімі 1 мамыр – 1 қыркүйек аралығында aiboz.kz сайты арқылы қабылданады.
Әдеби сыйлық жыл соңында табысталады. Байқауға отандық қаламгерлер қатыса алады және үміткерлердің жас ерекшелігіне шектеу жоқ.
«Айбоз» – отандық қаламгерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету және ынталандыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыратын ұлттық әдеби сыйлық. Байқауға бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған шығармалар ғана қабылданады. Бұл қазақ әдебиетінің қоры 7 номинация бойынша жүздеген жаңа туындымен толығады деген сөз. Сондай-ақ қаламгерлер арасында бәсеке пайда болып, соның нәтижесінде оқырманға өзекті, қызықты әрі заманауи шығармалар жол тартады»,- деді Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет.