Қазақстан мен Өзбекстан саяси және экономикалық серіктестікті жаңа деңгейге көтереді
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен келіссөз барысында саяси және экономикалық байланыстарды жандандыра түсетін жаңа бағыттар айқындалғанын жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті өзара ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалануды құптайтындарын атап өтті.
– Сондықтан осы бағытта табанды еңбек етуге дайын екенімізді айттық. Ең әуелі, сауда-экономика саласына ерекше мән беру керек. Сауда-саттықты дамыту үшін өсімнің тың мүмкіндіктерін іздеу, тауарлар номенклатурасын кеңейту және шикізаттық емес экспортты ынталандыру шараларын қабылдау қажет. Осы орайда өзара тауар айналымын арттыру бағдарламасын сапалы жүзеге асыру маңызды. Бүгін құрылатын Өңір басшылары кеңесін, сондай-ақ Іскерлік кеңес пен «UzKazTrade» бірлескен сауда компаниясы секілді басқа да екіжақты механизмдердің жұмысынан нақты нәтиже күтеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор.
Сондай ақ, ол қарапайым саудадан гөрі ет, бидай, майлы дақылдарды өңдеудің толық өндірістік тізбесін қалыптастыруды, мал шаруашылығы мен органикалық егін шаруашылығын бірге дамытуды ұсынды.
Бұған қоса Президент өнеркәсіп кооперациясына үлкен үміт артады.
– Қазіргі кезде жалпы сомасы бір жарым миллиард доллардан (1,7 миллиард доллар) асатын 78 бірлескен жобамыз бар. Оның аясында 15 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген. Аталған жобалар толық іске асса, экономикалық және инвестициялық ықпалдастығымыз айтарлықтай күшейеді. Бүгін біз олардың бір парасын іске қосамыз. Қазақстанның Өзбекстанға салатын инвестициясын одан әрі ынталандыруға ниеттіміз. Бұл ретте өзбек достарымыздан әдеттегідей қолдау күтеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ел Президенті құрылысы жүріп жатқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы индустриалдық қуатымызды одан әрі арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.