Павлодар облысында 100 шақты ұстаз төсбелгімен марапатталды

Павлодар облысында 100 шақты ұстаз төсбелгімен марапатталды
Фото: Константин Шелков

Өңірде Мемлекет басшысының ұстаздар мәртебесін арттыру жөніндегі тапсырмасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Самал Қадырованың айтуынша, философия докторы, (PhD) дәрежесі бар, осы саланың докторы, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі бар мемлекеттік ұйымдардың оқытушылары 17 АЕК көлемінде қосымша төлем алады. Ғылым докторларына – 34 АЕК, ал мектептен тыс спорттық іс-шараларды жүргізгендер негізгі жалақысының жүз пайызы мөлшеріндегі қосымша қаражат алады.

Сонымен қатар, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының оқытушыларына, әдістемелік кабинетте жұмыс істейтіндерге ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесі үшін қосымша 10 АЕК төленеді.

– Жергілікті атқарушы органдар мұғалімдерге республикалық «Үздік педагог» байқауына қатысқаны үшін сыйақы түрінде қосымша ынталандыру төлемдерін белгіледі. Республикалық деңгейден өткен мұғалімдер 300 АЕК көлемінде сыйақы алады. Халықаралық олимпиадалардың, жарыстардың және спорттық жарыстардың жеңімпаздарын, жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге үш лауазымдық айлық көлемінде үстеме ақы төленеді, – деді Самал Қадырова.

Үш жыл ішінде ұстаздарды ынталандыру және ұстаз мәртебесінің жоғары болуын қамтамасыз ету мақсатында облыс бойынша 96 мұғалім «Павлодар облысының білім саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Оларға АЕК-тің 1000 еселенген мөлшерінде, яғни 3 450 000 теңге көлемінде сыйақы төленді.

Биыл кәсіби мерекеге орай облыста 200-ден астам ұстаз марапатқа ие болды. Сондай-ақ 12 ұстаз «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, төртеуі «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Айта кету керек, облыста барлығы жиырма мыңнан астам ұстаз еңбек етеді.