Екібастұзда балабақшалардың 80 пайызы жөндеуді талап етеді
Былтыр бір балабақшаның шатыры қалпына келтірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Төтенше жағдайға байланысты барлық қаражат мектепке дейінгі ұйымдардағы жылыту жүйесіне жұмсалды. Яғни, істен шыққан жылу тораптары, батареялар ауыстырылды. Аязға байланысты қаражаттың көп бөлігі коммуналдық шығындарды өтеуге жұмсалды. Бүгінде 80 пайызға жуық балабақшада жөндеу жүргізу керек: бір жерде терезе, кәріз жүйесі тағы басқалары жоқ,– деді Екібастұз қаласы білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова.
Бұдан бөлек биыл Павлодар қаласында Достық шағын ауданында көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында 80 орындық мектепке дейінгі шағын орталық ашу жоспарлануда.
– Былтыр облыс орталығындағы бес балабақша күрделі жөндеуден өтті: №5, 42, 82, 85, 104 сәбилер бақшалары. 40 балабақшаның алаңына асфальттау жұмыстары жүргізілді, – деді Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдралин.
Еске сала кетейік, Ақсуда инклюзивті балабақша салынады. Сондай-ақ, қалаға қарасты екі ауылда балабақшаның құрылысы басталады.