Павлодар облысында республикалық Мәшһүр Жүсіп оқулары өтті
Аталмыш додаға республиканың 50-ден астам оқушысы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласының Естай атындағы балалар музыкалық мектебінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының рухани мұрасын кеңінен насихаттау, шығармаларында бейнеленген туған жерге сүйіспеншілік, белсенді азаматтық ұстанымды өскелең ұрпақта тәрбиелеу, тұлғаның зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында республикалық Мәшһүр Жүсіп оқулары өткізілді.
Павлодар облысы білім беру басқармасының «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы шығармашыл жас өрендер додасын Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен төртінші рет республикалық деңгейде өткізіп жатыр.
Сайысқа 13 облыстан Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім беру ұйымынан 63 үміткер қатысты.
Қазылар алқасының шешімі негізінде 33 оқушы жеңімпаз бен жүлдегер атанды: Бас жүлде – 4, І орын – 4, ІІ орын – 10, ІІІ орын – 15.
«Алдыма өлең жаз деп қағаз келген, Сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген» - ақындар мүшәйрасында бас жүлдені Ақсу қаласы Ю.Гагарин атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 9-сынып оқушысы Еркебұлан Тіленіш ұтып алса, «Бас болып өнер білсең, тіпті жақсы» - ғылыми жоба қорғауда бас жүлдеге Жетісу облысы Алакөл ауданы О. Молдағожин атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Аружан Секен ие болды.
«Білімді зерек адам болам!» – десең, Қара өзіңді басқаның айнасымен» атты эссе жазуда бас жүлдені Абай облысы Ақсуат ауданы Тана мырза орта мектебінің 9-сынып оқушысы Ернұр Қарлыбек ұтты. «Мәшһүр Жүсіп шығармалары және «Ұлы даланың ұлы есімдері» сипаттау бағытында бас жүлде иегері – Астана қаласы №51 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Мәди Садық атанды.